ЖЫЛУСАҚТАҒЫШ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ ТЕХНОЛОГИЯСЫ

Электронды оқу құралы

Заманауи техникада жоғары температуралы және қысымды жылутасымалдағыштарды  кеңінен қолдануға байланысты жылу шығындарын азайтатын жылу оқшаулағыш материалды қолдану маңызды болып отыр. Бұл әсіресе түрлі технологиялық үрдістерді қамтамасыз ететін энергетикалық қондырғыларда немесе жылуды тасымалдайтын құбырларда байқалады.

Қазіргі заманғы жылу оқшаулау құрылымдарына жаңа талаптар қойылады. Бұл пайдалану сенімділігі жоғары жаңа жылу оқшаулағыш материалдар мен құрылымдарын енгізіуге негізделген. Аса жоғары параметрлі қуатты энергетикалық агрегаттар, компрессорлық қондырғылар, ашық ауада салынған құбырлар жылу оқшаулаудың сапасы мен сенімділігіне тәуелді.

Жылу оқшаулау материалдарының қасиеттері мен олардың қолданылуына байланысты (жер асты газ құбырларының құбырларын оқшаулау, жоғары температуралы реакторлар және т.б.) арнайы талаптар қойылады.

Қазіргі заманғы жылу оқшаулағыш материалдар жылу мен суықты аз қолдануды қамтамасық етеді, бұл отынды  үнемдеуге, электр энергияның шығынын азайтуға мүмкіндік береді. 1 м2 ыстық беттерді  тиімді жылу оқшаулау жылына шамамен 2 тонна  отынды үнемдейді.

Кәсіпорындар жылу оқшаулаудың, буды оқшаулаудың және төсеніш материалдардың көптеген түрлерін шығарады, бұл кез-келген күрделі техникалық жылу оқшаулау жұмыстарын орындауға мүмкіндік береді.

Қазіргі кездегі жылу желілерінің негізгі кемшілігі жылулық оқшаулаудың су тартқыштығы болып саналады. Оқшаулағышқа сіңген су көп мөлшерде жылудың шығындалуына алып келеді, сонымен бірге құбырдың сыртқы бетінде тотықтанудың пайда болуына әкеледі. Егер материал ылғалданса жылу өткізгіштігі өседі, ал ол органикалық материал боса, шіруі де мүмкін.

Жылу желілерінде қолданылатын құбырларындағы жылу шығынын төмендету жылу оқшаулағыштың жылу техникалық қасиеттеріне ғана емес, сонымен бірге жылу желілерін қолдану шарттарына (топырақтың құрамына, жер асты суларының химиялық құрамына, жылу құбырларына жер асты суларының еніп кетуінен сақтау тиімділігі және т.б.), жылу желілерінің жұмыс жағдайларына да байланысты  болады [1].

Ең негізгі маңыздысы жылу оқшаулағышты дұрыс жобалау, жылуоқшаулағыш құрылымын және оның жылулық есептеуін таңдау болып табылады.

«Жылусақтағыш және құрылыс материалдары технологиясы» оқу құралында жылу оқшаулағыш материалдарға қойылатын талаптар мен олардың қасиеттері, жылу желілерін оқшаулау материалдарының түрлері мен құрылымдары, бу және су қыздыратын қазандықдарда колданылатын құрылыстық материалдар мен құрылымдар, әртүрлі технологиялық аспаптарды қолданып жылу беру құралдарын оқшаулау, жер беті мен жер бетімен жүргізілген жылу құбырларын есептеу, жылу құбырларын арнада және арнасыз жүргізу кезіндегі оқшаулығыштың жылулық есебі, жылу құбыры бетіндегі температура бойынша оқшаулағыштың қалыңдығын, жылу құбырларының айналасындағы топырақтың жер асты жүргізу кезіндегі температура өрісін және оқшауланған жылу құбырының ұзындығы бойынша жылу тасымалдағыш температурасының төмендеуін анықтау қарастырылған.